Armanga bastar asular (Бекежанова) - страница 6

1.Баланың ішкі ынта-ықыласы, құмарлығы;

2.Ұстаздың шеберлігі, ар тазалығы;

3.Сабақ процесінің алатын орны.

Ғалым дене тәрбиесі мен адамгершілік тәрбиесінің ұқсастығына, оның бір-біріне тигізетін әсеріне ерекше мән берді. Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің “Риторика”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу” туралы трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелерге көңіл бөліп, көркемдік, сұлулық, бақыт, мейірбандық білім категорияларының бетін ашып, солардың негізін дәлелдеп берді. Этиканы ол, ең алдымен, жақсылық пен жамандықты ажыратуға мүмкіндік беретін ғылым деп қарады. Сондықтан оның этика жөніндегі тұжырымдамаларында жақсылық, мейірбандық категориясы басты орын алады. Ғұламаның этикалық ойларынан терең гуманизмнің лебі еседі, ол [адам] баласын жаратылыстың, бүкіл жан иесі атаулының биік шоқтығы, сондықтан да оны құрметтеу, қастерлеу керек деп түсінеді. Фараби жасаған қортындының басты түйіні – білім, мейірбандық, сұлулық үшеуінің бірлігінде. Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тарады. Ол ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеді. Фараби көркемдік, сұлулық хақында былай дейді: ол өмір шындығының өзіне тән қасиеті, болмыстың, нақты құбылыстардың, әлеуметтік өмірдің көкейдегі елесі. Көркемдік – тән мен жан қасиеттерінің сұлулығын көрсететін белгі деп санайды.

Әбу Насыр әл – Фараби мұраларының Қазақстанда түбегейлі зерттелуі XX -ғасырлардың 60-жылдарында ғана қолға алынды. Оған алғаш бастамашы болған қазақ ғалымдары Ақжан әл-Машани (Машанов) мен Қаныш Сәтбаев еді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай шығарылған ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өткізілді.

Бұл күндері ҚР ҒМ Ғылым Академиясының философия институтында шығыс философиясы және Фарабитану бөлімі жұмыс істейді. Мұнда ғұламаның қазірге дейін қазақ және орыс тілдеріне аударылып, ғылыми түсініктемелері мен алғысөздері жазылып, 20-дан астам трактаттары жарық көрді. Бұл бөлім Әбу Насыр Әл-Фарабидің диалектикасы мен әлеуметтік философиясы мәселелері бойынша зерттеулер циклін жүргізіп келеді. ҚазМУ-де Фарабитану орталығы құрылған. Мұнда да Әбу Насыр Әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстары Маркстік көзқарастардан арылған жаңа, тың бағыттар бойынша жүргізілуде. Әбу Насыр әл-Фарабидің өмір жолы мен ғылым-білімге сіңген еңбегін бастама етіп жазуымның себебі, біздің келешек ұрпақ ата-тегінің қандай ғұлама ғалым болғанын білуі тиіс. Сонда ғана тағылымға толы тарихпен сусындаған болашақтың бағыты айқын болары сөзсіз. Адам баласы ең бірінші өзінің бітім-болмысы мен санасының қабілетін дұрыс жүйеге қоя білгенде ғана үлкен белестерді бағындыра алады.