Armanga bastar asular (Бекежанова) - страница 7

Менің осы кітапты жазуыма түрткі болған елімізде өсіп келе жатқан ұл-қыздарымыздың алғыр, есеп-қисапқа деген ынтасының жоғары екенін байқағаным еді. Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам да, дүниеге келген тұңғыш қызым матеметикаға бейім болды. Қызымның тілі өте ерте шықты. Өзінің математикаға деген қызығушылығын байқаған соң, барынша қиынырақ тапсырма беріп, үш-төрт жасынан бастап көбейту кестесін жаттап шығуына себепкер болдым. Бірінші сыныпта математика пәнінен берілген барлық тапсырмаларды өзі менің көмегімсіз орындап жүрді. Сол жылдары, Алланың қалауымен мемлекет тарапынан жолдасыма үш бөлмелі пәтер беріліп, Тараз қаласынан Алматыға қоныс аудардық. Ол пәтеріміз Алматы қаласы, Алатау ауданына қарасты №178 физика-математикалық мектептің жанында орналасқан болып шықты. Сұрастыра келе, физика-математика бағытындағы атаулы лицей оқушыларды бесінші сыныптан бастап, тек емтихан арқылы қабылдайтынын білдім. Қызым емтиханды ойдағыдай тапсырып, сол шаңырақта оқуын жалғастырды. Негізінде әкесі екеуміз осы қызымыздың Республикалық физика-математикалық бағытында білім беретін О. Жәутіков атындағы мектепте білім алғанын армандап жүрдік.

Бағымызға орай, біздің бақытты шаңырағымыз мектептің тура жанында орналасқаны өте жақсы болды. Терезеден оқушылардың кіріп-шығып жүргенін көрудің өзі бір ғанибет қой шіркін! Адам армандай білсе міндетті түрде сол арманы орындалатынына осы уақытқа дейін көзім жетіп келеді. Жастайынан сен Жәутіков мектебінде оқисың деген сөз қызымның санасына сіңіп қалғандықтан ба, жоқ менің аналық арманым ба білмедім. Қызым білімін жетілдіріп, Жәутіков мектебіне де емтихан тапсырып, білім алу бақыты бұйырды. Бүгінде менің үмітімді ақтап үздік оқушы атануда. Биыл тоғызыншы сыныпты үздік бітірді. Ата-ана ретінде, қызым білім алып жатқан оқу ордасы жайында барлық мәліметтер мені өте қызықтырып жүрді. Әсіресе, шет елдегі олимпиадаларға қатысып жүлделі орын алып келіп жатқан ұл-қыздар жайында естіген шағымда өзімнен –өзім жүрегімді қуаныш билеп, мінекей қазақтың қаны сіңген ұрпақ осындай болу тиіс!– деп, көңілімді қуаныш билейтін. Бұл тектіліктің қайдан келіп жатқанын ұғып та отырған боларсыздар… Арғы аталарымыз әлемді мойындатқан ғұлама-ғалымдар болғанын ескерсек, сол текті ел ұрпағының қолынан да келетіні белгілі.

Бірінші тарау

Ұлы оқу ордасының құрылу тарихы, XX – шы ғасырдың, 1960-1970 жылдар аралығынан бастау алған. Сол кезеңде, әлемдегі екі ұлы держава СССР мен АҚШ бір-бірімен бақталастыққа түсіп, космосты бағындыруға деген ұмтылысы артып, елге білгір мамандар қажет болады. Совет өкіметі құрылғаннан кейін жоғарғы оқу орындары көптеп ашыла бастайды. Одаққа көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шығуға тура келеді. Оның ішінде қазақтан шыққан Қ. Сатпаев, О. Жәутіков аталарымыз болған. 1962-1963 жылдары Мәскеу университетінде математикалық мектеп ашылады, Ленинградтық, Киевтік университеттерде де, Новосибирскіде де дәл осындай мектептер ашылып одақ балалары білім ала бастайды. Осы мектептер ашылып жатқанда әлемді ғылыми зерттеу жобаларымен мойындатып үлгерген Қ.Сәтпаев Одақ басшыларынан, Қазақстанда да осындай мектептің ашылуын талап етеді. Алайда, жоғарыдағылар Союзға төрт мектеп жетеді деп шешкені белгілі болады. Өкінішке орай, Қ.Сатпаев 1964 жылы қайтыс болады. Ары қарай мектептің ашылуын академик О. Жәутіков қолға алған екен.