Armanga bastar asular (Бекежанова) - страница 10

1981 жылы мектеп қабырғасында, Союз көлемінде алғаш рет оқушылар арасында олимпиада ұйымдастырылған. Тағы бір естелік ретінде, 1997-2000 жылдары осы мектепті басқарған, мектеп түлегі Ә.О. Қоңырбайұлының айтуынша мұғалімдер күніне 50-ге жуық тапсырма беретін, қатал талап қоятынын айтқан. Сол кездегі түлектер, үш жыл ғана бірге оқыған оқушылардың өмірлік досқа айналып кететінін мақтанышпен еске алады. Мектепте көптеген тәрбиелік мәні бар іс-шаралар өткізіліп отырған. Балаларға атақты ақын – жазушылармен, әншілермен кездесу ұйымдастырылған. Олардың қатарында, ақиық ақындар Қадыр Мырза Әли, Мұхтар Шахановтар, жезтаңдай әнші Роза Бағланова апаларымыз болған. Жалпы оқушылар математика пәнінен ғана алғыр болғанымен, жан-жақты өнерге де бейімделген. Ә.О. Қоңырбайұлының естеліктерінде өзі музыканы да өте қатты жақсы көргенін айтады. Мектеп қабырғасында жүргенде балалармен бірігіп ансамбль құрып, шығармашылық кеш ұйымдастырып, тіпті Дос-Мұқасандық ағаларын шақырған екен. Әбдімәжит Қоңырбайұлы өлең шығарғанды, ақындардың өлеңін нақышына келтіріп оқығанды жақсы көретін.



Өтеш Әбдімәжит Қоңырбайұлы

(1958-2017)


Мен алғаш рет ол кісіні 2017-жылдың сәуір айында кездестірген болатынмын. Қызым білім алып жатқан жоғарыда аты аталған №178-лицейдің сол кездегі басшысы қызметін атқарған уақыты еді. Өзім де жастайымнан зерек болып өстім. Мектеп қабырғасында да, онан соң Жоғарға оқу орнын да үздік дипломмен тәмәмдағанмын. Кейіннен тұрмыс құрып, бес баланы дүниеге әкеліп, бала тәрбиесімен айналысуыма тура келді. Бесінші баламды дүниеге әкелген соң, үйімнің жанындағы мектепке барып еңбек жолымды бастауды жөн санадым. Алайда, бүгінде жайдан-жай мектепке орналасу мүмкін емес екенін ескеретін болсақ, он төрт жыл бойы сандықта жатқан қызыл дипломды кім мойындар екен деп жүрексінгенім рас. Бірақ, осы мектеп басшысының жүзінен бір мейірімді сезетінмін. Бірде, қызымды сабақ аяқталған соң күтіп алып тұрғанымда, кездесіп қалып мектептің жанында құрылыс жүріп жатқандықтан үлкен кран балалардың өтетін жолына қауіп төндіріп тұрғанын айтқан болатынмын. Айтқаным сол екен, екі жұмадан соң балалар үшін қосымша есік орнатып қауіпсіз жол ашып қойыпты. Бұл кісінің тағы бір ерекшелігі, кешке таман мектептің маңайын тексеріп, балаларды өзі шығарып салып тұратын. Бүгінде дүниеден өтіп кеткен ұлы тұлғаның маған жасаған жақсылыған ешқашан жадымнан шығармасым анық. Ең алғашқы еңбек жолымның басталуына себепкер, менің көзімнен ұзтаздық ұшқынды көре білген ардақты азамат болатын. «Өлеңге менің дағы бар таласым»– демекші оқушы кезімнен өлең шығарып, аудандық, облыстық газеттерде өлеңдерім жарияланым жүрген мен, тайсалып қалмадым. Ертесіне қолыма қалам алып, белді бекем буып ағайға жолығып жұмыс сұрауды жөн көрдім. Ол кісіге арнап мынандай өлең шығарған едім.