Armanga bastar asular (Бекежанова) - страница 9


Сонымен қатар, мектеп оқушылары О. Жәутіков жайында «TULGALAR» аудио жазбасында жариялап жан-жақты дәріптеуге тырысып жүр.








Қазақтың қайсар ұлдарының алған бетінен қайтпай, мақсатқа жету жолындағы талмас табандылықтарының нәтижесінде, 1968 жылы 1 қыркүйекте Алматы қаласындағы №56 мектептің ішінен физика-математикалық бағытында білім беретін екі сынып ашылған. Бұл сыныптарға еліміздің түкпір-түкпірінен математикаға қызығушылығы бар, алтыншы сыныпты тәмәмдаған оқушылар қабылданады. Сол жылдары мектеп басшысы болған Шкарлет Иван Иванович жаңа мектептің іргетасы қаланып, құрылысының жандануына барынша атсалысқан. 1970 жылы Ботаникалық бульвар көшесінде физика-математика бағытында білім беретін еліміздегі ең алғашқы мектептің құрылысы басталған еді. Мектеп жанында ауылдан келген балалар жатып оқитын, интернаттың құрылысы да бірге жүргізілген. 1972 оқу жылы мектеп іске қосылғанымен интернаттың құрылысы әлі бітпеген екен. Мектептің де бірнеше кабинеттері ғана жұмыс жасаған. Сол кездегі орыс тілі пәнінің мұғалімі Нурсеитова Райхан Нурмашевнаның айтуынша физматтың қалыптасу кезеңі оңайға соқпаған. Мектепке келген мұғалімдердің де жағдайы болмаған. Алайда, еліміздің түкпір-түкпірінен келген қазақтың қара домалақ балаларының білімге деген құштарлығын көрген сәттен бастап, барлық қиындыққа төтеп беруге болатынын түсінгенін айтады. Орыс тіліне шорқақ балаларға барынша жәрдем беріп, екінші анасы атанған осындай ұстаздардың жангештілігі мен балаға деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде мектептің дәрежесі биік болған. Мектептің алғашқы түлектерінің айтуынша, интернат құрылысы аяқталғанша балалар мектептің бөлмелерінде тұрған. Шкарлеттен кейінгі мектептің басшысы Александр Арсеньевич Чернобай болған. Александр Арсеньевич Чернобай мектептің толықтай қалыптасып, аяғынан нық тұрып кетуіне үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, математика пәнінің мұғалімі Алиева Фатима Жумагазиевнаның айтуынша қазақ тіліндегі кітаптар мүлде болмаған, мұғалімдер өздері аударма жасап отырған. Бұл да үлкен еңбектің нәтижесі екенін көрсетеді. Есептерді Кванттан, Сканавиден аударма жасап, қазақ тілінде білім алатын балаларға тапсырмалар беріліп отырған. Қазақтың үш бәйтерегі іспеттес Ә. Жәутіков, Т. Аманов, А .Д. Тайманов мектептің ары қарай дамуын үнемі қадағалап, барынша қолдау көрсеткен. Мектептің алғашқы түлектері Асқар Жұмаділдаев пен Ержан Байсалов Союз бойынша өткізілген олимпиадалардың алғашқы жеңімпаздары атанған.

Атақты ғалым, математик А. Жұмаділдаевтың айтуынша, 1969 жылы Қазақстан пионері ғазетінде мектеп жайында мақала жарияланған екен. Ал, «Лениншіл жас» газетінде бір бет есеп беріліп, сол есептің бәрін дұрыс шығарып жіберген математик, О. Жәутіковтен шақырту хатын алады.